ШҚО-да облыс әкімінің жүлдесіне орай ХХІ-ші Халықтық спорт ойындарының салтанатты ашылуы өтті

Блог им. RomaSport01 /
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде Шығыс Қазақстан облысының әкімінің жүлдесіне, Елордамыз Астана қаласының 20-жылдығына орай ХХІ-ші Халықтық спорт ойындарының салтанатты ашылуы өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысты.

– Баршаңызды осымен ХХІ-ші мәрте ұйымдастырылып отырған халықтық спорт ойындарының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мұнда тартысты да әділ сайыс көрсетуге аймағымыздың түкпір-түкпірінен аудандар мен қалалар жиналды. Спорт – тек күшті дамытып қана қоймай, ерік-жігерді арттыратын үлкен құрал десек болады. Осы орайда, сіздерге тек сәттілік тілей отырып, жеңіске шын мықтылары жетсін демекпін, – деді Даниал Ахметов.
Бұл жылы аталмыш жарыс Елорданың 20-жылдығына орайластырылған. Шараның алғашқы күні көкпар, футбол және волейбол бойынша спортшылар бақ сынасты. Мұнда өңірдің барлық ауданынан дені 18-ге толған спортшылар келіп, өз қабілеттерін байқауда. Шараның мақсаты – облыс тұрғындарының ұлттық құндылығын қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Айтулы жарыстың алауын ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ тәрбиеленушісі, фристайлдың могул түрінен Пхенчхандағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева жақты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Даниал Ахметов Олимпиада ойындарының жүлдегеріне қаланың көрікті ауданындағы пәтердің кілтін, автокөлік және қаржылай сыйлық табыс етті. Одан бөлек, оның бапкері Елена Круглыхинаға және спорттың осы түрінен Оңтүстік Корея жеріндегі ақ Олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен Павел Колмаковқа қызметтік пәтердің кілтін тарту етті.
Халықтық спорт ойындары мамырдың 27-сіне дейін жалғаспақ.
Қатысушылар мынадай спорт түрлерінен сынға түсуде: көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, бәйге, қол күрес, гір спорты, футбол, волейбол, жүзу, үстел теннисі, жеңіл атлетика, дойбы, воркаут, теңге ілу және көпсайыс.
Шығыс Қазақстан облысы – көпұлтты аймақ. Сондықтан мұнда армян, славян, татар, орыс халқының ойындары да қосылды. Олардың қатарында лапта, кураш және тағы басқалары бар.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт

басқармасының баспасөз қызметі

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.