ШҚО-да экстрималды спорт түрлерінен ашық облыс чемпионаты өтті

Блог им. RomaSport01 /
Өскеменде экстрималды спорт түрлері ішіндегі ең қауіптісі саналатын скейтборд, кик-скутер және велосипедтық мотокросстан«Oskemen Open cup» атты Тим Бекшентаевты еске алуға арналған ашық облыстық чемпионаты өтті.
Шараға барлығы 60 спортшы қатысты. Мұнда өскемендік спортшылардан бөлек, Риддер, Астана, Қарағанды, Алматы, Қостанай және Семей қалаларынан келді. Сайыс алдында атақты скейтборшы Джими Као және жарысты ұйымдастырушылар сөз алып, барлығына сәттілік тіледі.
– Бұл елде аталмыш спорт түріне қызығушылардың қатары артып келетініне көзім жетті. Жарыстың осымен қатарынан үшінші жыл өтізіліп отырғанына қуаныштымын. Сайыстың өтуіне қолдау танытқаны үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін, – деді TimB қоғамдық бірлестігінің директоры Ирина Бекшентеава.
Алғаш болып скейтборшылар шеберліктерін паш етті. Жиналған жұртты күрделі жаттығуларымен таң қалдырып, кейбірі өзінің ең таңдаулы жаттығуларын көрсетті. Бірі тек тәжірибе жинау үшін қатысып қана қойса, бірі денсаулыққа қаупі бар аса қиын элементтер орындады. Нәтижесінде, қостанайлық Герман Гарт топ жарды. Қарағанды қаласынан келген Александр Жуков екінші орын иеленсе, оның жерлесі Владимир Кательников үшінші орыннан көрінді. Одан бөлек, «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына ерекше өнерімен ел есінде қалған Үміт Усабаев ие болды.
– Скейтбординг екі жылдан кейінгі болатын жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына ресми түрде қосылды, – деді еліміздегі скейтбординг федерациясының президенті Антон Повеквечнов. – Өскемендегі скейт-парк ел көлемінде сапа жағынан алда тұр. Бұл спорт Қазақстанда кең етек алып, спортшыларымыз халықаралық жарыстарда өнер көрсетеді деп сенемін.
Келесі болып өз өнерлерін веломотокроссерлер паш етті. Велосипед көлемі жағынан ірі болғандықтан қатысушылар жаттығу кезінде қиналатындай көрінді. Десе де, жиналған қауым олардың өнеріне дән риза болды. Олар ара-тұра велосипедтің бір дөңгелігімен-ақ жүйіткіп, мүмкіндіктерінің жоғары екендіктерін аңғартты. Әсіресе өскемендік Константин Томаровскийдің жаттығулары сауатты шықты. Асқан ептілік, бағалануы жоғары жаттығулар оның алдағы уақытта тіс қаққан экстремал спортшысы болатынын аңғартқандай. Алайда қорытындысында, ол екінші орынмен шектелді. Бұл сында алматылық Исмаил Багиров үздік шықты. Үздік үштікті өскемендік Әлихан Можанов түйіндеді.
Соңғы болып самокатпен сырғанаушылар өз бақтарын сынады.Бірақ та, олардың орындайтын жаттығулары кик-скутеринг деп аталды. Ал бұлардың ішінен ең үздік нәтиженіриддерлік Артур Корниенко көрсетті. Оның ізін ала тағы бір Риддер қаласының өкілі Никита Усов екінші орын иеленсе, Алматы қаласынан келген Егор Гречиц үшінші орына жайғасты.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.