ШҚО-да кениялық жүгіру үлгісі бойынша шеберлік сағаты өтті

Блог им. RomaSport01 /
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жергілікті жеңіл атлеттердің қатысуымен кениялық жүгіру үлгісі бойынша шеберлік сағаты өтті.
Аталмыш шеберлік сағатын еліміздегі алғаш құрылған «Аltay athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубы құрамындағы кениялық қара маржандардың бапкері – Кен Ротич жүргізді. «Аltay athletics» клубының директоры Асхат Сейсембековтың айтуынша, жеңіл атлеттер жаттықтырушысымен шаһарда жүргендіктен, кездесу аяқ асты ұйымдастырылды.
– Кениялық жүгірудің қандай да бір ерекшелігін көрсете ме деп, осындай мүмкіндікті пайдаланып қалуды жөн көрдік. Спортшыларымыз бен жас атлеттерге мұндай кездесудің берері көп. Алайда, бірқатар бапкер мен спортшылар әр түрлі сайыстарда жүргендігін айта кетейік, – деді ол.
Мұнда қандай да бір шектеулер қойылмай, кез-келген ерікті келіп қатысуға мүмкіндік алды. Уақыт тығыз болғандықтан, шеберлік сағаты сұрақ-жауап форматында өтті. Клуб директоры айтып өткендей, біздің бапкерлер осы кездесуден құнды ақпараттар ала алады. Қайткенмен де, бұл елдің желаяқтары әлемдік додаларда, Гаухар лигасында алыс қашықтықтарда үнемі жүлдегер атанып келеді.
– Бұл көптеген жас атлеттерге серпіліс беруге бағытталған тиімді әдіс болып тұр. Себебі олар бір-біріне қарап бой түзейді. Мұнда қатысқан әр спортшы маңызды дүниелермен сусындап қайтқанына сенімдімін, – деп Кен Ротич шеберлік сағаты соңында ойымен бөлісті.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.