САРБАЗДАР «РЕГБИ-7» БОЙЫНША АЛҒАШ РЕТ ҚР ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ!!!

Блог им. RomaSport01 /
Облыс орталығындағы «Восток» алаңында Регби-7 бойынша ел чемпионатының тартысқа толы кездесулері өтті. Жарыс жолына Қостанай, Алматы, Павлодар, Талдықорған Ақтау қалалары және сайыс қожайындары Шығыс Қазақстан облысының командалары шыққан еді.
Ойынның ерекшелігі – мұнда әр командада жеті ойыншы және бесеуі қосалқы құрамда болады. Жарыстар жоғарыда аталған «Восток» алаңында өтті. Ашық ел чемпионатының IV турында ерлер турниры «А» және «В» дивизионы деп екіге бөлінді. Бұл жерде айта кетер жайт, тур қорытындысында «В» дивизионының жеңімпазы «А» дивизионына өтеді. Соңғы орын иеленген ұжым керісінше «В» дивизионына қарай ойысады.
Қатысушы ұжымдардың ұзын саны 10-ға жетті. Ойындар ерлер және әйелдер арасында өрбіді. Аймақ намысын мынадай үш команда қорғады: ҚР Ұлттық гвардиясының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, ШҚО құрамасы және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың рэгбишілері.
Регби-7 бойынша сайыс Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың 100 жылдығына және Ұлан ауданының 90 жылдығына орайластырылды.
– Өңірде регби бойынша осындай ауқымды жарыстың өткізілгеніне қуаныштымыз. Біздің облыста спорттың көптеген түріне назар аударылып келе жатқаны шындық. Регби Федерациясымен бірлесе қолға алынған бұл додада тек үздіктер жеңіске жетсін, – деді ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Жарас Сағадиев.
Ойын қорытындысында жүлделі орындар келесідей анықталды: «А» дивизионында 1 орын Алматы облысынан келген «Олимп» командасына, 2 орын Алматы қаласынан келген «Азия-Спорт» ұжымына бұйырды. Үздік үштікті Маңғыстау облысының «Каспий» командасы түйіндесе, павлодарлық «Университет» командасының студенттері төртінші орынан көрінді.
Ал «В» дивизионында жүлделі бірінші орын Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамасының сарбаздарына бұйырды. Екінші орынға ШҚО құрамасы жайғасса, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұжымы үздік үштікті қорытындылады. Сондай-ақ Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың командасы жарысты төртінші орынмен аяқтады.
Ұлттық гвардияның «Шығыс» өңірілік қолбасшылығы регби-7 жарысына 2017 жылдың қыркүйегінен бері қатысып келеді. Маңызды сайыс алдында ойыншылар тамызда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кубогіне өткен бәсекеде бақ сынаған болатын. Ол кезде барлығы 70 сарбаз өз мүмкіндігін байқаған еді. Бір жыл көлемінде «Шығыс» өңірілік қолбасшылығының спортшылары аталмыш спорт түрінің ережелерімен етене танысып, әлемдік деңгейдегі ойыншылардың деңгейін қарап дайындалды. Осыдан барып, нәтижелер шыға бастады. Сарбаздарымыздың серпіліске ие болғандығын да аңғару қиын емес. Ел чемпионатының қорытындысы бойынша, Ұлттық гвардияның «Шығыс» өңірілік қолбасшылығы командасы енді «А» дивизионына өтеді.
Бағдат Амангелді, ҚР Ұлттық гвардиясының
«Шығыс» өңірілік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы

0 комментариев

Только зарегистрированные и авторизованные пользователи могут оставлять комментарии.